Сырт көзге көріне бермейтін, мәні зор домбырадан қалыптасқан тәрбие үлгісі адамның ой ұшқырлығын шыңдауға, ата - бабадан кәсіп болған дәстүрді дамытуға, өнер арқылы білімге терең бойлауға мүмкіндік тудыратыны анық. Домбыра үні арқылы таралған тәрбие - білімнің қайнаған бұлағына, сарқылмас қазына, дәстүр табиғатына, қазаққа өз үлесін қосып келе жатқан үрдіс. Осы орайда, бабалар аманатын сақтап, өскелең ұрпаққа дарытуды жалғау мақсатында «2000 домбырашы» облыстық іс-шарасына мектебімізде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Дайындық аясында оқушыларды домбырамен қамтамасыз ету мақсатында бірер апта бұрын қала әкімі Ә.Б.Асанов «Домбыра сыйла» челленджін бастаған болатын. Аталған челленджді Кейкі батыр атындағы №4 мектептің ұстаздар ұжымы қолдап, демеушілік танытып, мектеп ұстаздары ұжымы атынан мектептегі домбыра үйірмесі оқушыларына 20 домбыраны табыс етті. Мектебіміздің домбырашылары алда өтетін облыстық шарада сәтті өнер көрсетеді деген сенімдеміз.










