Кейкі батыр атындағы №4 жалпы білім беретін мектебінде Құлан Кейкі Көкембайұлына 2017 жылдың 24 қараша айында мұражай кабинеті ашылды. Мұражайымыздың ашылуында өрісті өнерді өзіне серік еткен белгілі оюшы, өлкетанушы, халықаралық Шыңғысхан академиясының Академигі, Қостанай облысы Меценаттар клубы арнайы сыйлығының иегері, «Арқалық қаласының құрметті азаматы» – Бәйділдин Шөптібай Бәйділдәұлы лентасын қиған болатын. Елі мен жері үшін өмірін арпалыста өткізіп, сол жолда жанын пида еткен жаужүрек ұлдарын туған халқы ешқашан да ұмытпаған. Олардың аяулы есімдерін ардақтап аңыз-жырға айналдырып кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруге тырысқан. Сондай ел есінде сақталған есіл ерлеріміздің бірі Кейкі Көкембайұлы.
Батырдың бейнесі артындағы ақарлы-шаһарлы жұртымен бірге жасап, өміршеңдік танытса да кешегі кеңес дәуірінде солақай саясаттың салқынымен ғылыми зерттеулерден алынып тасталғаны белгілі. Соған қарамастан, Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді» пьесасында, М.Қаратаевтың «Даладағы дауыл», Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау», А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» романдарында ақиқаттың астарлап болса да айтылғанын көңілге медет тұтамыз.
Ал, Тәуелсіздік алған уақыттан бастап тарихи тұлғаның тағдырына арнап К.Әмірқызы, С.Тұрғынбекұлы, А.Байжан, Ә.Қылышбайұлы, Қ.Әлім және тағы басқалары мерзімді баспасөз беттерінде қалам тартты. Бірақ жарық көрген сол мақала, кітаптарда Кейкінің күрес жолы тек ел аузындағы аңыз-әңгімелер негізінде жазылды және мұндай талпыныс оның өмірбаянына қатысты көптеген жаңсақтықтарға жол ашты. Мәселен, оның туған, өлген жылдары, кеңестік билікке қарсы күрескен тұстары бұрмаланып көрсетілді. Мұның басты себебін мұрағат қорларындағы құжаттардың сол уақытта әлі ғылыми айналымға түспеуімен түсіндірсек қателесе қоймаймыз.
Сонымен, қолдағы бар деректер мен жинақталған мұрағат қорларындағы құжаттарды саралап байқасақ, батырдың өмірі былай өріледі. Кейкі Көкембайұлы 1877 жылы Торғай уезі, Қайдауыл болысында дүниеге келген (қазіргі Қостанай обл., Аманкелді ауд., Тасты ауылы). Азан шақырып қойған аты – Нұрмағанбет, руы – құлан қыпшақ. Көп кісіге қосылмай кейкиіп жүретін болғандықтан жеңгелері «Кейкі» атап кеткен. Сөйтіп, ел арасына «Кейкі» атымен танылған. Шежіреге зер салсақ ол бес ағайынды болған. Көкембайдан Оспан, Қосжан, Омар, Кейкі және Шұбар туады. Осылардың ішінде бүгінде тек Қосжанның ғана ұрпағы бар. Кеңес өкіметі кезінде Көкембайдың кіндігінен тараған ұрпақтары «банды», «басмашының» туыстары деп айыпталып, билік басындағылардан теперішті көп көрген.
Батыр жастайынан өздерімен рулас, Торғай өңіріндегі атақты бай Шашамбайдың Рахметі деген кісінің бетке ұстар жылқышысы болған. Атақты Аманкелдімен бірге барымтаға да түскен атан жілікті азаматтардың қатарында бой түзеді.
Кейкі батырдың елін күреске бастап шығуы және отарлық саясатқа қарсы қарулы қарсылық танытуы, атының ел аузына ілігіп «құралайды көзге атқан мерген», «батыр» атануы Торғай даласындағы 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі тұсында көрініс тапты.
Батырдың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Мұражайымыздың төрінде Кейкі Көкембайұлының тарихи бейнесі өмір деректерінен мәлімет беретін экпозиция қойылған. Сонымен қатар Алаш қозғалысы-тарих тағылымы тақырыбында Алаш зиялыларының жарқын бейнесі тізбектелген экпозияцияны көре аласыздар. Қазақтың кешегі өшпес ерлігімен ел есінде қалған Алаш зиялыларын және Ұлт батырларын ұлықтап келе жатқан зерттеуші ақын-ғалымдарымызға арналған жеке экспозиция қойылды. 2010жылы Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының алаңында орнатылған Кейкі Көкембайұлына арналған ескерткіштің ашылу салтанатының өту барысында түсірілген фото суреттерден құралған экпозициямызды көре аласыздар. Бүгінде ол ескерткіш Киелі шаңырағымыз білім ордамымыздың алаңына ауыстырылып қойылды. Бейне шежіре деп аталатын экпозициямызда батыр бабамызға арналған кесенелермен Торғай облысы картасын көре аласыздар. 1916жылғы Ұлт-азаттық қозғалысқа арналған көрмелер мен Кейкі мерген деп аталатын жаңадан жарық көрген телехикаяның киномотографиялық кадр фотолары қойылған. Елге оралған есім деп аталатын бұрышымызда Кейкі мергеннің анропологтардың зерттеу барысындағы бас сүйектің қалыпқа келген нұсқаларымен Ел рухының еңсесін көтерген батырымызға арналып салынған Кейкі батырдың бас сүйегі жерленген кесенесінің фото суреттерімен мәліметтері қойылған.Сонымен қатар көптеген баспалардан жарық көрген кітаптар газеттер, журналдар және Батыр бабамыздың ұрпақтарының суреттері қойылған экпозициямен ветриналар бар. Кейкі Көкембайұлынан қалған жалғыз құнды жәдігер ол Кебеже. Кебеже қамыздағы киелі қара шаңырақ Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайында сақтаулы тұр.









