«Мәңгілік ел болашағы – бүгінгі жас мамандар» тақырыбындағы мектебіміздің жас мамандарының онкүндігі өз жұмысын бастап кетті. Қазіргі таңда мектебімізде он алты жас маман қызмет етуде. Оның үшеуі педагог-модератор санатында.  Онкүндік 7-15 желтоқсан аралығына жоспарланған.  Апталықтың салтанатты ашылуында жас мамандардың сабақ беретін және жетекшілік ететін сынып оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, ортаға салды. Салтанатты жиын барысында жас мамандар ұстаздық жолда қызмет атқарып, осы атқа кір келтірмеуге ант берді. Онкүндік барысында жас мамандар өздерінің сабақ беретін пәндері бойынша ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізеді. Сонымен қатар, мектебіміздің жоғары санатты, білікті ұстаздар қауымы жас мамандарға әдістемелік көмек көрсету, білім сапасын жоғарылату мақсатында желтоқсанның 14-ші жұлдызында «Тиімді оқыту стратегиялары» тақырыбында шебер сынып өткізу жоспарлануда.   

Қорыта келе, «Тек жоғары сауатты, дарынды, дана әрі отансүйгіш мұғалім ғана лайықты ұрпақ тәрбиелеп шығара алады», - деп Елбасымыз атап көрсеткендей, мұғалімдікке жас талапкерлерді тарту – қоғамымыздың өзекті мәселесіне айналған еді. Осы орайда ұстаздықты жүрек қалауымен таңдап, жоғары және орта арнаулы оқу орындарын ойдағыдай аяқтап, ортамызға келіп еңбек жолын жаңа ғана бастап жатқан жас мамандарға қадамдарың құтты, еңбек жолдарың сәтті болсын деген тілек білдіреміз.