Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жасады.

"Қардың күрт еруіне байланысты бірнеше аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады.

Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.

Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін мен шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бердім. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда.

Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстары менің тікелей бақылауымда", - деді өз жолдауында Қ.К.Тоқаев.