№4 жалпы орта білім беретін мектебінде
Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру аясында
Кейкі батыр мұражай - бөлмесі ашылды
Мақсаты: Кейкі батыр келбетін зерттеп, оқушылардың рухани жетілуіне ықпал жасау, танымдық құштарлыққа жетілдіру, өсіп – өнген өлкесін танып білуін, тарихи білімін қалыптастыру.
Міндеттері: Мұражай оқушылардың мәліметтер жинақтау барысында өз білімдерін толықтырып қана қоймай, таным процесінде алдыңғы буын өкілдерінің тәжірибесін пайдалануына тамаша мүмкіндік тудырады. Бұл оқушыларды азаматтық және патриоттық тәрбиелеуде маңызды серпін болып табылады. Мұражай заттарын зерттеу, іздеу-жинақтау жұмыстарының, экскурсиялар, конференциялар мен түрлі кештердің оқушылардың еңбегін мәнді етуге көмегі зор.
Арқалық қаласындағы №4 орта мектепте 2017 жылдың 24 қарашасында Кейкі Көкембайұлына арналған мұражай – бөлме ашылды. Салтанатты шарада қала әкімі Амантай Кәкімбекұлы Балғарин, «Жасұлан» жасөспірімдер орталығының директоры Елена Семеновна Цвентух, Кейкі батырдың ұрпағы Мұхамедрахым Спандиярұлы құттықтау сөз сөйледі. Халқымыздың салт –дәстүріне сай шашу шашылып, ән шырқалды. Мұражай көрмесін ашу құрметіне қала әкімі Амантай Кәкімбекұлы мен батырдың ұрпағы, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Сейтбек Куанышбаев ие болды. Қала әкімі алғашқы болып Кейкі батыр мұражай – бөлмесінің естелік кітабына қолтаңбасын қалдырды.
Кейкі батырды «Құланның ажалы» туындысымен танытқан әйгілі жазушы Ақан Нұрмановтың інісі Қаратай Нұрманов мұражайға жазушының портреті мен өткен ғасырдың таңдаулы жүз шығармасының бірі ретінде қайта басылып шыққан кітабын сыйға тартты. Биыл – біз үшін зор қуанышты жыл. Елдің азаттығын аңсаған батыр бабамыз Кейкі Көкембайұлын ұлықтау шаралары республика көлемінде өте жоғары деңгейде өтті. Мемлекеттік деңгейдегі шара елдің рухын асқақтатты. Қала көшелері абаттандырылып, еңсені көтеріп қомақты шаралар көрініс тапты. Елі ерін еш уақытта ұмытпақ емес. Міне, оның жарқын дәлелі – ел үшін жанын пида еткен батырдың еңселі кесенесі бой көтеріп, мүсіні мәңгілік бейнесін сомдап тұр.
Бұл мұражай – бөлмесінің оқушыларымыздың рухани дүниесін байытуда, елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға үлкен маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Исниязов Мирам Рахимжанұлы
№4 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары









